Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  119


Автор: Бекен Әбдіразақов

Көктемің де шатасқан-ау салтынан...

Көктемің де шатасқан-ау салтынан,
Жауыны бар, жұпары жоқ аңқыған.
Тамшылар да тартыншақтап тамады
Терезеге жүзінде мұң қалқыған.
Жаңартатын көкіректің сарайын
Көктем кепті-ау, саңылаудан сәл қарайын.
Көзім көр боп қалған ба, әлде, апыр-ау,
Көрінбейді, қайда жұтқан арайым?
Жауын үні өксігіндей пақырдың,
Тепкілемей жалаң төсін шатырдың,
Ауық-ауық ішін тартып күрсінер...
Мен де солай халді кешіп жатырмын.
Жамбасқа батқан темірден
Жаныңа батқан мұң қатты,
Кешегі көлдей көңілден
Көрікті ойды құрғатты.
Қоршаған төрт-ақ қабырға
Көзіңді тертеу еткенде,
Бой бермей сезім сабырға,
Қашады лағып еткенге.
Өткенің – елес шайтандай,
Жеткізбей құртар діңкенді.
Ертеңің – жолсыз қайқандай,
Басыңа қонған бұлты енді.
Шаршаған көңіл дал болып,
Тілейді түпсіз ұйқыны.
Жеріңе жеткен қал қонып,
Оятар жүрек қиқуы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу