Өлеңдер ✍️
Туған өлкем, оңтүстік
I
Оңтүстігім – ежелгі ата мекен,
Таңың да елден ерек атады екен.
Күнің де күлімсіреп батады екен,
Жүрсем де Жетісудай жерұйықта,
Жүректе бейнең жайнап жатады екен.
Мен сенде шалқып өстім, балқып өстім,
Нұрынды бойға терең тартып өстім.
Ішінде жүрсем-дағы жалпы көштің,
Туған жер, топырағыңды мың-мың сүйіп,
Қаймағын бақытымның қалқып өстім.
Мен торқа топырағыңды басып тұрып,
Қуандым көңілді алғаш тасыттырып,
Қайғырдым жанымды алғаш жасыттырып,
Бірақ та қатты әкедей мінезіңмен
Өмірге қойдың мені ғашық қылып!
II
Көктемі де алаулы,
Жалынды өлке, нұр өлке!
Жастық шақтың жалауы
Желкілдейді гүл ерке.
Алыпсың да көркемсің,
Жаным сүйген өлкемсің!
Ұйқылыны жұлқылар,
Мазасын ап жер-көктің.
Мұнда буы бұрқырар
Керзі етікті еңбектің.
Алыпсың да көркемсің,
Жаным сүйген өлкемсің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter