Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  128


Автор: Бекен Әбдіразақов

Қоштасу

Бір жүрмек бар, бір өлмек жоқ дегендей,
Қоштасқалы тұрмын елмен Бөгендей.
Әй, Төлебай, жымиясың сен неге,
Күдіктенсең, қабырғамды сөгем бе, ей?
Білдірместен сұрапылды жандағы
(Түсіп тұр ғой жүрегіме салмағы),
Амалсыздан күле берем қол алып,
Кездесетін күнге сеніп алдағы!
Алматыға жетермін де ай нұрлы,
Ұмытармын, бәлкім, осы қайғымды.
Отырармын еске түсіп әмбесі,
Пенде болып елді аңсаған жай мұнды.
Сағынышым қоздап жатқан бір күнде
Айналар да атқылаған дүркінге,
Естен танып, есеңгіреп жүрермін,
Түнде ұйқым, күндіз болмай күлкім де.
Арысымның толқындары түске еніп,
Жүрермін мен үйлеріңе түстеніп.
Ертеңгісін жыр жазармын оянып,
Ықыластарың жүдеу жанға күш беріп.
Жан қуатым — бұл жалғанда өздерің,
Туған жердің мейіріміндей көздерің.
Туған жерде сендер аман жњрсеңдер,
Бұ дүниеде керегі жоқ өзгенің.
Жастық шақ, шымылдығың желбіреген,
Қыр астында қап қойған сен бір өлең.
Айқай салсам, елеңдеп үн қатар ма
Ару гүлдер көздері мөлдіреген?!
Түнгі аспанда сусылдап қанаттарың,
Қайта әндетсе сырнайлы жанат бағың,
Тағы да мен таңданып, тамсанумен
Қалар ма екем байқамай таң атқанын?
Қайдам, қайдам, қиял ғой алыс қалған,
Толқын шашар арманды алыстардан.
Жастық шақ, түсіме де кірмей жүрсің,
Іздеп барсам бір күні қоңыр кеште,
Дыбыста Арыстағы қамыстардан,
Ол жерде оттан өткір намыс қалған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу