Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.05.2022
145
Шырылдауық шегірткем
Шырылдауық шегірткем,
Қайдан келдің мұнда сен?!
Әнің қайда төгілткен,
Бала күннен мұндас ем.
Әлде жаздың «гөләйтін»
Тауысып алып далада...
Жер емес қой жолайтын,
Неғып жүрсің қалада?
Тас пен темір алаңы,
Қарамайлы көгалдан
Жүрсің бе іздеп баланы
Мен сияқты жоғалған.
Шырылдауық шегірткем,
Арысымның қырында
Сеніменен төгілткем
Алғаш жүрек мұңын да!
Сирағыңнан сүйретіп,
Азап берсем, кеш мені.
Тағдыр бүгін үйретіп,
Қинап отыр естегі!
Бұ қапасты маған-ақ
Тастап кетші, шегірткем.
Туған жерді аралап,
Танба әніңнен – төгілткен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter