Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.05.2022
144
Көктемгі жаңбыр үнінен
Көктемгі жаңбыр үнінен
Сағыныш тербеп түнімен,
Сырласқан едім ғашықтың
Ғажайып тәтті тілімен.
Қызғалдақ үміт алысқа,
Қап қойған сонау Арыста
Арманды күнге жетелеп,
Қосқандай еді жарысқа.
Жаңбыры күздің жауратып,
Жүректі неше аунатып,
Қаптатты қара бұлтындай,
Күмәнды тұман саулатып.
Түншығып барам ауасыз,
Шалдығып дертке дауасыз,
Күз мырза, сізден сұраймын,
Қашанғы жылап жауасыз?
Бұған күз құлақ аспайды,
Асықпайды да саспайды.
Төпелеп төгіп тұр әлі,
Бейбаққа мұнда бас қайғы!
Бөлменің, ища-ай, салқыны-ай,
Жаңбырдан жұпар аңқымай,
Көңіл де еркін қалқымай,
Жатырмын тірі жартылай.
Маған да қамқор бар Құдай,
Жақсылық етсін артын-ай!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter