Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  149


Автор: Бекен Әбдіразақов

Ғашықтық қасіреті

Сен де жаттың Арыста, мен де жаттым,
Сен де жатсың бүгін де, мен де жатпын.
Бұл махаббат балбырап піскен шақта,
Дәмін татпай, Арыста кенде қаппын.
Сен де пәксің ол кезде, мен де пәкпін,
Сен де сақсың түндерде, мен де сақпын.
Ғашықтықтың ғажайып бау-бақшасын
Көз ілместен торитын пенде таптың.
Мен де таптым жүрек күй мың бұрауын,
Талмай күттім күлкіңнің сыңғырауын!
Ай астында, қайтейін, жалғыз қалып,
Көп болды ғой күрсініс, тұнжырауым.
Сен де кеттің Арыстан, мен де кеттім,
Жүректегі жарамды емдемек кім?
Ай адасып аспанда, жұлдыз сөнбей,
Ғашықтыққа алғашқы шөлдеп өттім!
Шөліркетіп шөлдеткен сен демекпін,
Ернің тоссаң, бұлақтай селдемекпін!
Амалым не, аңсаған арманымды
Сол жылдары сорлатып, жерлеп өттің!
Сен де таптың сыңарды, мен де таптым,
Әңгелектей аруға теңге тақтым.
Айлар асып, жыл неше жаңарғанда,
Жүрегімнің қақпасын сен де қақтың.
Арынды екен, апыр-ай, сендегі екпін,
Желдей есіп желігіп мен де кеттім!
Аш кенедей жабыстым барым салып,
Өмір бақи келместен шөлдеп өткім.
Алатаудың майсасын төсек етіп,
Құмарлықтың қоздарын көсеп өтіп,
Ғашықтықтың ғажайып бау-бағында
Еркіндедік, ләззатты еселетіп.
Сен де тойдың бір күні, мен де тойдым,
Сендегі ойдың салқыны мендегі ойдың
Бықсықтарын басты да, тыным тауып,
Жалаңаштап жүректі желге қойдым.
Кешір, жаным, құлымын мен де кектің,
Басыбайлы біраз күн пендем еттім.
Мені қайта құлындай көргің келсе,
Айлы түнде Арысқа кел демекпін!
Сен де жаттың Арыста, мен де жаттым,
Сен де жатсың бүгінде, мен де жатпын.
Жұлдызымды Арыстың аспанынан
Алдым да мен, абайлап жерде жақтым...
Сен жатырсың Арыста, мен жатырмын,
Сен пақырсың, қайтейін, мен батырмын.
Пәк махаббат киесі ұрған бізді,
Керегі не, күн ауды, енді ақылдың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу