Өлеңдер ✍️
Түнде
Үздігіп бір белгісіз ән келеді...
Сағыныш па тербеткен әлде мені?
Домаланған жұлдыздар
Шәуілдірдің
Самсап піскен сап-сары әңгелегі.
Мен ғана ояу. Ойлаймын әлденені,
Самал сипап қояды сәл денені.
Бір маңқ ете қалады жалқау төбет,
Үруге де ант ұрған бәлденеді.
Құс жолының шаңына шырқаудағы
Көзім түсіп, жанымда мұң қаулады.
Әлденені іздедім жүрек сыздап,
Сұп-суық-ау кей түннің мылқау бағы.
Көрші ақсақал бір сәтте жөткірінді...
Кім естіген дәл мұндай өткір үнді.
Қаңыраған тіршілік аунап түсіп,
Бір қуаныш жұлдыз боп көкке ілінді.
Дүниенің деп жатсам аңсары не?
Адам даусы екен ғой таң сәріде.
Салтанатқа бөленіп аспан асты,
Жүре берді құйқылжып бар сәніне.
Жұлдыз мініп қалықтап ән келеді...
Ұйқы ма екен тербеткен әлде мені?!
... Ал түсімде анамдай бір келіншек
Мен сияқты сәбиді әлдиледі...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter