Өлеңдер ✍️
Көтерші, Қалқа, көңілді
Жүректің өксігімен, солығымен,
Бұл әнге Шәуілдірде жолығып ем.
Көк өрім келіншектер кеудесіне
Келген ән шапқын жаудың жорығымен.
Мұң тұтып көк тұмандай жанарларын,
Әндерімен айқайлап жан арманын.
Аңызда масақ терген келіншектің
Көргенмін жарты айнамен таранғанын.
Қалт етсе, құшып-сүйіп қайындарын,
Жимастан кемпір-шалдан айылдарын,
Қытықтап,
сықылықтап ойнайтын кеп,
Елемей қос бұрымның жайылғанын.
Бір сәтте сап тыйылып күлкісінен,
Құбылып шырайланған түр-түсінен.
Қолында орамалын бұлаңдатып,
Кететін шығармастан сыр тісінен.
Қаршадай қарға бойлы болсақ-тағы,
Біздер ек еркек тана сол шақтағы.
Кім білсін ердің иісін іздеп бізден,
Таба алмай көзден жасы моншақтады?
Әйтеуір қашық тартып, бәрімізден,
Заматта айыратын сәнімізден.
Ымыртта ыңылменен өзі бастап,
Қайтадан қауыштырған әнімізбен.
Сол бір ән болды серік ауыр күнде,
Кетпеді кімдерде жар, бауыр кімде?
Менің де бұлаңдаған жеңгем бар-ды,
Сол ма екен әнді жайған Шәуілдірге?
Иесін білмейді ешкім сол бір әннің,
Аңсарын бойға жиған мөлдір ардың.
Әуені ұялапты сағағында
Менің де жүрек атты домбырамның.
Мінекей, келіп тұрмын Шәуілдірге,
Өзіммен жеңге бірге, бауыр бірге.
«Жеңеше, баяғы әнге салшы – деймін
–Жасанып тњрған шақта ауыл гњлге?!».
Жеңешем ағайымнан қырын барып,
Қарайды бір ботаға жымың қағып.
Жеңеше-ау, бұл қалқашың дәл өзіңдей,
Шырқай ма шерлі жүрек мұңын шағып?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter