Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.05.2022
102
Арыстың айлы түні
Түндер, түндер, айлы түндер,
Арысымды құшақтаған.
Түндер, түндер, айлы түндер,
Қандай қымбат бұ шақ маған!
Күміс түнің, о, Арысым,
Махаббаттың бесігі ме?
Арманның ең жоғарысын,
Бөліп берген несібеме.
Бүгін де түн сүттей жарық,
Төге түсші нұрыңды, Ай!
Тал түбінде күтпейді анық,
Бала жүрек бұрынғыдай!
Елеңдеймін сонда да мен,
Таныс көше, таныс парк.
Жүрек жырын толғаған ем,
Жарық жерден алыс барып
Түндер, түндер, айлы түндер,
Жас жүректі аймалаған!
Құшақтарын жайды гүлдер,
Кім қалды екен жайнамаған!
О, туған жер, кешір мені,
Сүйсем-дағы мың қызынды.
Жарым – Сырдың өсіргені,
Сонан таптым жұлдызымды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter