Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
29.05.2022
146

Сезім симфониясы
Шәрбатым-ау, өзіңді жан аңсатар,
Бізді күтіп тұрғандай тәмам сапар.
Білесің ғой күншілдің көп екенін,
Сыйламай-ақ қояйын саған шаһар.
Шырақ көрдім көзіңнен қарапайым,
Жырға бөлеп сәулесін таратайын.
Ізгу жүрек өмірге құмарланды,
Бір мысалы – бүр жарған бала қайың.
Сағынысқан мезгілде хат алысып,
Аққулардай кетерміз қатар ұшып.
Қос көңілдің арасын жалғап тұрған
Нәзіктікті шалмасын қатал үсік.
Арманыңды мен жаққа бұр мәңгілік,
Құрып қалсын жалғыздық – тұл даңғырық!
Талай таңмен жүздестім нұр аңқыған,
Сенің үшін ұйқымды құрбан қылып.
Кәусарым-ау, сені іздеп қаталаппын,
Жұлдыз саңғып ұшқанда жапалақ-түн.
Саған шаһар сыйлар ем,
Ол бірақ та
Бола алмайды кепілі махаббаттың!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter