Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  113


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қайыр

Жаратқанның жамалына жан шөлдеп,
Жанарымнан құлай-құлай тамшы өлмек.
Тура жолдан көп адасқан қаңғырмын,
Ындын – қаран, нәпсі – харам, тән сор боп.
Тас төбеме құлап кетсе жат аспан,
Кім құтқармақ қап-қараңғы қапастан?..
Тағдырым бар – түсініксіз жазулы,
Ғұмырым бар – шым-шытырық шатасқан.
Көрдім талай тар заманның қыспағын,
Көрдім талай қар заманның мыстанын.
Төрт құбылымды жұтып қойып төрт түнек,
Тықпақ болды көрге мені дұшпаным.
Шалажансар тірлік кештім шаһарда,
Тойып жүрдім шайтан құйған заһарға.
Өксік толы өзегімді өртеген
Мына жалған маған ғана қатал ма?!.
Бұйырмады шәрден пана, таудан ық,
Дос дегенім – тірі мүрде, сау ғаріп.
Хақ жұпарын жүрегімнен аңқытып,
Сахар таңда зар жыладым тәуба ғып.
Нұрмен шайып доғартайын күмәнді,
Жырмен шайып жоғалтайын тұманды.
Бүгін түнде өзгергей деп дүние,
Көкке қарай бағыттаймын дұғамды!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу