Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  129


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қарсылас

Хаққа ғашық нұр-бейнем Ғаршыға сіңді,
Дұғаладым зікірмен тамшы жасымды.
Жүрегімді настықтан тазартқан сайын –
Өз ішімнен таптым мен қарсыласымды...
Қосылғаны-ай бір сәтте шеріме кектің,
Қорқынышқа келмейді беріле кеткім.
Қарсыласым жел болып кеулейді кейде,
Қоныс қылып арасын тері мен еттің.
Қошқа балап алжастым мыстанның дәмін,
Досқа балап адастым құшқанның бәрін.
Білмей-білмей жүрдім де, түсіндім енді –
Ғұмыр бойы күресер дұшпанның барын...
Иманыма, арыма жанды байладым,
Осы менің жиһадым – мәңгі майданым.
Қарсыласы жоқ адам өлікпен бірдей,
Құламасын деп тіле сәнді байрағым.
Хаққа ғашық рух-оллам Ғаршыға сіңді,
Дұғаладым өлеңмен жаршы ғасырды.
Жүрегімді нәпсіден құтқарған сайын –
Сабырменен жеңдім мен қарсыласымды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу