Өлеңдер ✍️

Жоғалған кілт
Жетім тамшыдай мөлдір мұңыммен көз жусам,
Жүрек түбінде бұрқырар кілең боз жусан.
Қызғалдақ гүлдей қызықтырасың, беу, дүние,
Құбылған күндей мошқаулығыңа төздім сан.
Сен мені-ақ тоздыр – тоздырсаң...
Көне көлеңкем – қансырап жатқан қарт іңір,
Бақилық тілде ұлиды көкке зар-күбір.
Мезгілден тайып адасқан сорлы-ау өзімдей –
Жалғыз теректің бұтағындағы жарты бүр.
Жанымда – сөнбес жалқы нұр...
Ай туар – мөр боп жалғыздығыма басылып,
Түн құшағына құлайды сұлық жас үміт.
Маңдайымдағы қос жұлдыз құсап жарқырай,
Сапарын жалғар мағұрып пенен машырық.
Жаңа бір жолдың басы – құт...
Түйсік сарайы бейуақыт ойдан былыққан,
Құтылып болмас қап-қара сұлба – құрықтан.
Сайтаннан дүреп санама сіңген бүлікті –
Хақтың қолы деп жұлып алсыншы тымық таң.
Мен – жоғалған кілт құлыптан..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter