Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  170


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Самал

Ауылым кең даланың
қиырында,
Көмілген пендесі ойға,
үйі құмға.
Байқалар бір тектілік
жаны түгіл,
Қойында,
жылқысында,
сиырында.
Өр талап өрендерін
сүйер елі,
Ерлері
жігеріне сүйенеді.
Күшігін үйрететін
кішілері
Үлкенді қаппасын деп
түйедегі.
Бойына сыйдырған бар
әз ұғымды,
Ол ауыл
“Жабасақ” деп жазылынды.
Көктемі – күншуақты,
күзі – нәрлі,
Сүйеді қысы қарды,
жазы құмды.
Алады қанаттысы
шыңға бағыт,
Амалсыз:
– Жүрмін дейсің мұнда нағып?
Аяулы арманыңды
ұрлап алып,
Жыраққа әкетердей
Жылдар ағып
Туған ел, атың ыстық
біздер үшін,
Ұл-қызың ұзап кетсе –
іздері шын.
Сағыныш тамшысының
Ащысысың,
Ең тәтті естеліктер тізбегісің.
Көліңді
теңізге лайық деумен келем,
Тулайды өр толқындай
кеудемде өлең.
Құшақтап
бауырыңа бассаң болды,
Алыстан алып-ұшып
келгенде мен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу