Өлеңдер ✍️
Арман қусаң
Алуан-алуан арман қуып,
жол шегіп,
Алға бастық
тосқан өрді еңсеріп.
Теңіз-сезім толқынына
оранған,
Дауыл жырдан
жатты таулар теңселіп.
Бастық болды
сапарластың бiреуi,
Әкiм болды
қатарластың бiреуi.
Жұрты болсын деп тіледік –
тілеуі,
Серті болсын деп тіледік –
тіреуі!
Биiктерге бастап барса
бiлiм тек,
Сүйікті елі еміренер
ұлым деп.
Шынайы ер шыңға шықса
нұр іздеп,
Күннің өзі қарар еді
күлiмдеп.
Кісілігін жұтып қойып
“кісі” боп,
Шықпасын тек
жануардай кісінеп.
Ұқпасын тек
орынтағын өзім деп,
Көктен биік,
болса Арынан кішірек.
Ары биік,
кіші болса ұлтынан,
Жас көбейер
ұқсауға оған ұмтылар.
Болмысынан
нұр іздейтін себелер,
Қалам алып
жыр іздейтін тұрқынан.
Болсын мейлі,
болмасын ол серігің,
Аяулысы болып қалса
елінің,
Сондай шақта шақырады биіктік,
Ең бастысы –
күйремейді Сенімің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter