Өлеңдер ✍️

  27.05.2022
  128


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Арманым - сен де толғансың

Арманым болмас еді –
Жамағат үшін
жалаңаш қолымен шоқ қармап,
Жаһаннамға да
жүрексінбей барар топқа арнап
Шырқалған әннен –
жүйкесі әбден жұқарған –
Жауыздықтың да
жанарынан тұрса жас парлап.
Арманым болмас еді –
Қомағай құлқыннан
құлазыған далам көгерсе,
Жырқұмар жандар
шабытқа содан бөленсе.
Адуын жырынан
әділет желі ескенде
Қан жылаған әлгі
қаңбақтай зырлай жөнелсе.
Арманым болмас еді –
Жерім деп талай жанұшыра
шапқан аттандап,
Баһадүр жанның
жүрегінен жібісе қатқан дақ.
Табиғат-ана
табысып тыныштық-сәбиімен,
Қуаныш әні
қалықтай берсе аспандап.
Арманым...
Болмас еді –
Толғантса сол да сені!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу