Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  222


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Қарттарым

Қарттарым, қадірменді,
жарқын жанды,
Кешіргін – қайталасам
қамтылғанды.
Осынау
шағын жырдың еншісінде
Өзіңді шексіз сүйген
қалпым бар-ды.
Кез туып елге де сын,
ерге де сын,
Шайқаса дәуір-дауыл
ел кемесін,
Қадірлім,
көз алдыма сен келесің,
Қажырлы қайратыңмен
дем бересің.
Қайтпан, – деп халқым үшін,
– жолдан нақты,
Қайтадан гүлдетем деп
тозған бақты,
Жеткен де белестерің
осал емес,
Көрген де теперішің
аз болмапты.
Көріпсің –
айбарлыңның аһ ұрғанын,
Жазықсыз жапа шегіп,
атылғанын.
Мерейі озбырлықтың
үстем болып,
Адуын,
албырт үндер басылғанын.
Жетістік жетеді рас,
таласа алман,
Сонда не
жүрегіме жара салған?!
Әйтеуір,
көңілімде олқылық бар –
Әуен бе мұң боп жеткен
“Қара шалдан”.
Шымшылап сансыз сұрақ
миым ішін,
Содан ба,
сәл де болса күйік ішім.
Сезерсің
жүрегімнің жан дірілін,
Ұғарсың
мұңды жырдың құйылысын.
Қарттарым, қадірменді,
жарқын жанды,
Шарықтар сан ғасырға
даңқың мәңгі.
Алатау көз алдымда
аласарар
Көргенде өздеріңнің
нар тұлғаңды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу