Өлеңдер ✍️
Даладағы нала
Далада нала…– ежелден бізге таныс бұл:
Қасалы Жебе құсалы Елге тағы ұшты!
Ұшқынынан жүрегі күйіп ышқынды
Арқалы ақын, Найзалы батыр, Намысты ұл!
Талқыға түсті білекті менен білікті,
Уақыт-қазы үкімін ішке бүгіпті…
(Тарихтың кейде қайталанарын кім ұқты?!)
Тағы да солай: – Жазалаушы топтың қырына
Тағы да солай: – Жазықсыз жандар ілікті.
Тарих, сенің қатпарың қилы, мың тарау,
Мың қилы әнді шын дүлділ әнші шырқар-ау.
Тағы да солай: – Домбыра сынып дойырдан,
Тағы да солай: – Боздақты кәззап құртады-ау!
Киелі жұрттан көрінді тағы қою шаң
(Тоқтар ең кәззап, тап осы шаңға тойынсаң!)
Жоқтайды Ана мезгілсіз өшкен боздағын,
Жоқтайды Ана – өзгеге бұрмай ойын сәл…
Алауын жағып – замандастарын маздатқан,
Жалауын жығып… – (сорлы Ананы боздатқан),
Жанып-өшкен қыршын жастың рухы
Шаршытоптарда қол бастар әлі сөз бастар.
Қалғыған ұлтты балқытпай – мақтап, көлгірсіп,
Бауырым, оят есті ісіңменен, көр түртіп.
Жаңаөзенді еске ал: – Моласын құшып ұлының –
Ананы көрсең көз жасын тұрған жел сүртіп…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter