Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  114


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Мендік арман

Болашағын болжаған
кім ілгері,
Жырақта жүр
ауылдың жүгермегі.
Қуған арман кетті де
қара үздіріп,
Туған дала, аңсаттың
бүгін мені.
Мінезімен шошытқан
жөргектегі,
Мендік арман қашаннан
өр бетті еді.
Апатайым,
аяулы қалқатайым,
Қандай күйде жүрсіңдер
мен кеткелі?..
Шаршатпаса
шақырып сағым-жырмен,
Бағаламан ашылса
бағым бірден.
Кереметсіп
көзінің еті өскенді
Көзге ілмейтін сол жанды
сағындым мен.
Жүрегімде оятқан
сонда алғаш ән,
Сені медеу тұтам да
жолдарға асам.
Арманыма тілектес, айналайын,
Бұл өмірге келмес пе ем
сен болмасаң?!.
Өлген оймен
өмірді түгеспелік,
Ол жақта да сот барын
жүр ескеріп.
Жер бетіне ақыры жол түскесін
Қалдырмақшы ем өзімше
бір естелік.
Талабыңды шомылтып
таң нұрына,
Арманыңды аялау –
арлы мұра.
Жақсы жандар
жолықты көп-көп жолда,
Ғашық болдым бір-бірден...
барлығына.
Армантауға кемесін
бұрғандар сан,
Байыптамай бағытын
қылған талқан.
Мұңданба деп
өзгеге айтсаң айтқын,
Мұңдан, қалқам, бірақ сен –
мұңдан, қалқам.
Ең әуелі тиісті ой жетуге,
Талай түнім сондықтан
шерлі өтуде.
...Алатауға қараған тереземнен
Айдың нұры кеп қапты
тербетуге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу