Өлеңдер ✍️

  26.05.2022
  127


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Арман мен әлем

Алма жайлы аңызға елтiп
құлағым
Ауылда өстiм...
Алматыда тұрамын.
Елестесе дәмдіге өш
сәби кез
Көкiрегiмдi тербеп өтер
бiр ағын!
Жаз пейiлмен жүргенiмде
жыр жазып,
Менi алысқа алып кеттi
бiр жазым.
Жаймашуақ мезгiлменен
үндесiп
Жолға шыққан талабыма
ырзамын.
Бiлмей-ақ қой, бұл ырзалық
дерегiн,
Өзiм де ұқпан мұның әлi
себебiн.
Бәлкiм, мәңгi мекен-тегi
белгiсiз
Сол себептi iздеп өтсiн
өлеңiм.
Аңыз арбап,
Тәңiр болып тiлекшiм,
Жылжуымды қалаған соң
жүрек шын,
Әуежай мен вокзал ғана
күтетiн
Елеске ерген топқа осылай
iлестiм.
Жолдар, жылдар...
жадыратар, жылатар,
Ай қоштасса, амандасар
құла таң.
Қанша салқын қарсы алса да
Алматы
Мен, әйтеуiр, осы шәрдi
ұнатам.
Түк бермедi десем қала, –
түк алмай,
Ұқсай қоймас шын уәжге
бұл ондай.
Бақшасында алма мұңым
пiстi әбден,
Балғын шағым қалды бiрақ
шыға алмай.
Сатып кетпес әдiлеттен
кесе өтiп,
Адалдықты құрметтедiк,
дос етiп.
Тура бидiң – туғаны жоқ,
ары тоқ,
Шын сүйсiндiк шешiмiне
өте тiк.
Өтіріктен аулақ өрген
iргесiн
Еркiндiкпен шөлдi басып
жүргесiн,
Келешекке үмiт қана
жол тартты,
Бiрге кеттiк бiз де оған
мiнгесiп.
Тамыр алған алма жайлы
аңыздан,
Жырлар туды арманға
нәр тамызған.
Осы мақсат шырақ жақты,
жылытты,
Осы жолда жауратқанда
сан ызғар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу