Өлеңдер ✍️
Пойызда
Солғын тәнін жауратып, сыз бөктере,
Күрең тартқан жылайды-ау күз кектене.
Кер даланың дидары өтіп жатыр,
Көз алдымнан таспадай тізбектеле.
Көк аспан да көгістеу, күйреген көк,
Тұр айнала қоңырқай күйге елеңдеп.
Бізді алып барады, өзен бейне, –
«Темір тұлпар» жыландай ирелеңдеп.
Табиғаттың осынау тылсымы кең,
Меңдеп апты жамалын бір сынық өң.
Ал, вагонның гүрсілі мұңлы ән бе еді,
Жүрегімнің астасқан дүрсілімен.
Өлең болып ақынға ой үзбеген,
Жарысады кептерлер пойызбенен.
Алабауыр алаңда жылқы да жүр,
Болатындай ықтасын сай іздеген.
Желбас құлын жүйткіді желді керіп,
Терезеден қызыққа телмірелік:
Ұзады да, топ кептер ерке жирен,
Алдырмайтын тоқтады белді көріп.
Елестетіп тұп-тұнық қаракөзді,
Құлдыраңдап құлыншақ дала кезді...
Әуелеген құстармен еске оралды,
Қағаз ұшақ, ұшырған бала кезгі.
Кіді мезгіл үйіріп жанарға мұң,
Төңіректі тағы бір бағамдадым.
Көз ала алмай, құстарға қалдым қарап,
Самғап бара жатқандай бала арманым.
Ұшпа желдей, шіркін-ай, есіп беріп,
Жүргеніміз қашаннан несіп теріп.
Дүниені теңселген пойыз тербеп,
Кеңістікті келеді кешіп, керіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter