Өлеңдер ✍️

Сандуғаш сағыныш
Қараша үй бар Қарасаз етегінде,
Қарлы шың, қарт Хантәңір жетегінде.
Сол – менің туған елім, туған жерім,
Жалғанда қадіріңе жетемін бе?
Сонда менің балдәурен, бала шағым,
Соны ойласам қажиды қараша мұң.
Бала боп балалармен, қашан тағы,
Қарасудан тас теріп таласамын?
Балтырынан аршылып бала қайың,
Болған шығар бүгінде дана қайың.
Жыңғылында жылатып жан біткенді,
Қаптап өсіп тұр ма әлі қалақайың?
Қаңбақ қуып құйынды желдеріңді,
Бозқараған басты ма белдеріңді?
Есегін ерттеп мініп Ерден атай,
Теріп алып жүр ме әлі ерменіңді?
Тау басында шалмайтын қырау басын,
Қарақатқа кетуші ек күн ауғасын.
Аңсап есіп сиырсілекейің менен
Самсап өсіп тұр ма әлі рауғашың?
Бұйығылық кеткен жоқ балаңдағы,
Қарбаластан қажып кеттім қаламдағы.
Анам келіп аластаса аршасымен,
Иісті аңсап кетем иен даламдағы.
Күтетін көкте бұлттың күңгірлеуін,
Мен аңсадым даламның күн-гүлдерін.
Қаламның қатқан қара наны орнына,
Даламның әкелер ме еді бүлдіргенін.
Қарасазым, сақташы қалпыңды аман,
Қарттар ғана қалды дейді қалтылдаған.
Қарасазым – қара орман қымбат маған,
Байлық төгіп берсе де алтындаған.
Хантәңірдің хан көрген қарлы басын,
Сандуғаш ем, сағынып, зарлығасың.
Бау-мекенін қаланың бойға үйретпей,
Тау-мекенін сағынды қарлығашың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇