Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  103


Автор: Жақсыбек КЕМАЛ

Ақтық

Ақ боз үйлі ауылда
Ақ тілектер айтылды.
Ақ ниетті қауымға
Ақыл да қымбат жай күнгі.
...Ағам келін ап келді –
Ақ қыз жаңа тапты елін.
Ақын сезді бапты енді:
«Ақ келін-ау, ақ келін!..»
Ақшыл жүзі шаттанып,
Анам жүрді қуанып.
Алға шашып ақ мамық
Ағайын ақ гүл алып...
Ауып қонды-ау ақыры
Ақ отауға бақ, тегі.
Атамның да нақылы
«Аққа Құдай жақ.» (...па еді?)
Ақмаралдай ажарлы
Аппақ жүзі бір мінсіз.
Ақ жеңгемде назары
Ағам күледі күнде үнсіз.
Асылдар көп табылмас –
Анық басты, сақ жүріп.
«Аққыз» болды қарындас
Ал, мен болсам – «Ақжігіт».
Ақ босаға аттата...
Апа-ау, ақ жол, бақ. Қуан!
Ақ ордада ақ бата,
Ақ дастархан, аққұман!
Ақ күн туып алдымнан
Ал, мен қашан шаттанам?
Ақ жеңгемдей асыл жан
Аулы қайда?
Аттанам!
Ақбозатқа мінейін
Ақ жол болсын, тегінде.
Ақ отауға түнейін
Аппақ қыздың елінде!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу