Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.05.2022
158
Тәңірім, татыршы бір тамшы бақыт...
Тәңірім, татыршы бір тамшы бақыт,
Бөбегім, күн боп ендің көңіліме.
Сен үшін саусағымнан сөл шығарып,
Ем қылып тамызайын ерініңе.
Сені айналған сырқатты жойып тынам,
Жүрегімнен үрленген отты алаумен.
Күлкің келіп қонады,
Қашып күмән.
Сен шат сәби.
Бақытты ана боп қалам мен.
Жаһанға көрсететін келбетім сен,
Қаһанның қайраты бар қауқарымда.
Әлемнің әлдиімен тербетілсең,
Жырымның жуындырам жауһарына.
Кірпігім қоштасса да мың түнімен,
Шаттықтың шатқалында тұр ғұмырым.
Құндақсыз құрсақтағы бүлкіліңнен,
Тәтті екен бұл жақтағы былдыр үнің.
Бал күлкім, балауса үннің шуағын бер,
Жалғасқан жарығыма қайтар ғалам.
Ешкімге қайта оралмас бұла күнге,
Ешкім де ешқандай наз айта алмаған...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter