Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.05.2022
116
Теректің желегін тауысам...
Теректің желегін тауысам,
Іздеймін.
Белгілі таппасым.
Өзіңмен мен күнде қауышам,
Қиратып қиялдың қақпасын.
Сен кеткен жүректен жан кеткен,
Кеудемде зіл батпан тас қана.
Келіпті гүлі жоқ қар көктем –
Масқара!
Көкті де шарладым.
Жоқ хабар,
Адастым құс жолдан ес кетті.
Күні ертең бақ болып кеп қалар,
Ал бүгін...
Тағы күн кештетті.
Бойымды билеген бір үміт,
Көлеңке кескінді табады.
Шырақтың сәулесімен жүгіріп,
Тек соқыр сұлбаңды салады.
Сен үшін түлеген тілек те,
Сұрарсың сандалған самалдан.
Жанарың жатталған жүректе,
Жаның жүр қаныма таралған.
Сағынсам жүрекпен өбетін,
Сол ғана медетім.
Сен болсаң – жоғалдың
Іс жасап қолыңнан келетін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter