Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  145


Автор: Гүлжайнар Қалдина

Сен келесің әйтеуір...

Сен келесің әйтеуір...
Күте берем,
Төзімім де итжанды...
Бітер емен.
Жанарымды жастанған сағыныштан,
Ойларымды ойрандап түтеді өлең.
Күн кірпігін ілгенде... Ай хабаршым,
Айнымасқа берік сыр байлағансың.
Өзегімде өртеніп... Өлең болып
Өмірімнің өңіне айналарсың.
Жел жетеді желігіп... Дерек алып,
Ес кетеді есті-есерді елеп анық.
Жапырақтың үстінде жаным мұздап,
Отырам мұңға жанды бөлеп алып.
Айды кетті адастырып жаңағы әнім.
Сол болар бәлкім сенің қалағаның.
Ырым еттім.
Сен сипаған шаштарымды,
Тарақтан да қызғанып тарамадым.
Түн табаны тайғақтап әні-міне,
Уақыттың әлім жоқ әміріне...
...Жүрегімді осылай жұта берем,
Тілегімді табыстап Тәңіріме.
Сен келесің.
Білемін.
Күте берем!
Төзім берік темірден – бітер емен.
Келбетіңе айналып өзің болып,
Бір жапырақ ғұмырлы бітеді өлең.
Күте берем...
Күтер өлең...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу