Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  316


Автор: Бейбіт Сарыбай

Өлеңнің құлагерін туған дала

Иә, Алла! Аласармас арман әнім,
Жыры еді Ілиястың жалғағаным.
Жұртына Жансүгірдің жолым түсті,
Ақсуға өлең болсын арнағаным.
Сыйлаған ақынына нұры шабыт.
Құлагердей алқына тыныс алып,
Ақсуым арнасына сыя алмайды,
Су емес, сыңғырлаған ырыс ағып.
Көргенде кіршігі жоқ текті реңін,
Жасымды жанардағы кептіремін.
Шөліркеген елінің шөлін басқан,
Ақсу да бір Ілияс деп білемін.
Тамырдан – табиғаттың гүлденбегі,
Тағдырдан – тамаша бір түрге енбегі.
Ақсуым жетімсіреп қалған сынды,
Сыңарынан айрылған күннен бері.
Жетісу жеті өзенді даласында,
Алатау, Қаратаудың арасында,
Ақпейіл, аңқылдаған жұрт жылады,
Ақсудың Қызылағаш жағасында.
Жаныма ауыр тиіп Тәңір сыны,
Жас-бұршақ жанарымнан тағы ыршыды.
Қазақтың Ғұннан қалған ғұрпы емес пе,
Қуанышпен жұбату қабіршіні.
Аз ба еді елдің көрген зобалаңы,
Бақ тайса жерің солай тоналады.
Шүкір, шүкір орнында бар екен ғой,
Орнында бар әйтеуір оңалады.
Алқымын көз жасымен жуған дала,
Кез келер ойын, күлкі, думанға да.
Қазаққа Ілиястай қадірлісің,
Өлеңнің Құлагерін туған дала.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу