Өлеңдер ✍️
Өзің жайлы арманымның түсі аппақ...
Өзің жайлы арманымның түсі аппақ,
Өзге дүние кетсін құм боп ұсақтап.
Екі кештің ортасында отырам,
Елесіңді есім кетіп құшақтап.
Үрей сазын сарнатқанда ұлып түн,
Үнсіз ғана үрлеп шоғын үміттің.
Қарашығым қара аспанға қадалып,
Қанша көктем ауысқанын ұмыттым.
Күрең үстел. Күңгірт бөлме. Көк шамдал.
Мұң арылмас мың бір шырақ жақсам да.
Ауық-ауық ауыр ойға шомдырды,
Алабөтен жамыраған ақшамдар.
Сұп-суық ай. О, не деген сұғанақ,
Көк сәулесі көк пердеден сығалап.
Сырыма ортақ болмақшы ғой бұл– дағы
Менің дертті жүрегімді дуалап.
Өшпенді түн. Өң менен түс арбасып,
Жаза алмадым бұл жырдың да жалғасын.
Жұлдыздардың бұлдырады жанары,
Боз таңнан бір хабар келіп болмашы.
Түсі аппақ өзің жайлы арманның,
Тылсымыңа тіл жетпейтін арбалдым.
Тек өзіңмен тілек қосқан күндерден,
Абайсызда аулақ кетіп қалғанмын.
Жолығар ма екенбіз...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter