Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  140


Автор: Азамат Есалыұлы

Шығарға жаным дайын сен деген де...

Шығарға жаным дайын сен деген де,
Өзіңді қосам жаным енді өлеңге.
Мендегі ғазиз жүрек не болар ед,
Сендегі жылылықты көрмегенде?
Сендегі жылылықты сезінбесем,
Осыншалық сені ойлап езілмес ем.
Өтініш өмірімді ойран етіп,
Тұсау салма мендегі сезімге сен.
Алламның сыйы сенсің маған деген,
Бақытсыз болам ба деп алаңдап ем.
Күдерімді үзбестен болашақтан,
Жүрегімді жарқыным саған берем.
Саған берем жүректі жұдырықтай,
Е, оған керек емес жылылық жай.
Енді қалған ғұмырды талқан етіп,
Жаралама жүректі сырын ұқпай.
Саған берем барлығын мендегінің,
Жаралы жүрегімді емде күнім.
Уақыттың еншісінде болады енді,
Бақыттың бесігінде тербелуім.
Бір қуаныш білінсе түр-өңімнен,
Оны әкелген өзің деп білемін мен
Аманатқа қиянат жасамассың,
Қабыл ал жүрегімді жүрегіммен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу