Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  157


Автор: Азамат Есалыұлы

Күтпеген қуаныш

Бүгінім көш ілгері кешегіден,
Жаңылмаппын әутеуір есебімнен.
Әңгіменің өзегі мен болушы ем,
Қоңсылардың құтылдым өсегінен.
Әңгімеден құтылдым, бір жеңісім,
Қайталанып жатса да күндегі ісім.
Анам шіркін бір жасап қалды білем,
Менің мынау әкелген жүлдем үшін.
Қуануда ағайын ала бөтен,
Осындай да қызықтар болады екен.
Кішігірім бір құс бар, бір айыбы
Зарықтырып басына қонады екен.
Сосын, солай... Құс қонды басыма кеп,
Күбірлейді бір дауыс «тасыма» деп.
Күтпеген қуаныштан құты қашып,
Менің күллі жеңешем сасып әлек.
Бақыт деген құс қонды босағама,
Сөз тиегін беріңдер асабаға.
Шаңырағыңа шаттық кеп шашылған да,
Жанарыңа жас алып босама, ана.
Қуанышқа кенелтіп тамам елді.
Той қызығын бастасын далам енді.
Төлеген арман еткен той секілді,
Таңнан-таңға ұласса жарар еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу