Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  113


Автор: Азамат Есалыұлы

Шағыну

Мен де іштім ғой сарқытты сенен қалған,
Маңдайыма жазған соң өлеңді Аллам.
Ақиқатты айтам деп айқайладым,
Сөзімді сөз демеді керең жалған.
Сенен қалған сол у ды іштім мен де,
Періште едім пенде боп түстім жерге.
Мен де жалғыз келемін жағаласып,
Арты дирмен тартатын күштіңмен де.
Менің де сөзім қор боп көрінгенге,
Ет жүрегім езіліп, егілгенде.
Оңаша да у ішіп отырамын,
Мынау фәни жалғаннан безінгенде.
Қызық жоқ қызық жоқ қой бұл ғаламда,
Бұл балаң да шырмалды шырғалаңға.
Бір ақын саған келіп шағынады,
Мың ақын кіл әкімді жырлағанда.
Мен де іштім ғой сарқытты сенен қалған,
Маңдайыма жазған соң өлеңді Аллам.
Шындық үшін шырылдап айқайладым,
Сөзімді сөз демеді керең жалған.
Адастырып алсам да арманымды,
Ойлы көзбен қараймын жан-жағымды.
Зардабы текті еліме тимесін деп,
«Ішіп жүрмін Абайдан қалған у ды».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу