Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  130


Автор: Азамат Есалыұлы

Ақталу

Алаңғасар Азаматтың азабы,
Ана тағы кес-кестеді жолыңды
Күңкілдеген күншілдердің мазағы,
Жегідей жеп жатқан шығар жаныңды.
Шеру тартып пасықтардың өсегі,
Бауыр етің езілді ме жан анам?
мені қойшы әкемді де кешегі,
Күншілдердің күшіктері талаған.
Инедей боп көрінгеннің күңкүлі,
Ана – ау, сенің жүрегіңе қадалды.
Қамықпа ана құлыныңды бір күні,
Аллам қалап ақтау керек ар алды.
Атады әлі құба таңы шаттықтың,
Шын бақытқа кенелетін туар күн.
Мен де хақтан басыбайлы бақ күттім,
Беу, сол үшін бақытты да шығармын.
Өмір заңы көресің де көнесің,
Көп күңкілдер батты білем жаныңа.
Мен жайында кім не десе о десін,
Бірақ олар дақ сала алмас арыма.
Ана-ау, сен де бостан босқа күрсінбе,
Жүрегіңді жаралады тағы не?
Мен ештеңе істей алман күншілге,
Тәңір өзі төреші ғой бәріне.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу