Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.05.2022
130
Мінез
Әрине, көңіліңнен шыға алмадым,
Мінезім дұрыс емес ұғам жаным,
Көрінгеннің алдында кішірейіп,
Аласа боп жусаннан тұра алмадым.
Шенділерді сынадым оңдырмадым,
Осылайша жаптым мен жолдың бәрін.
Қыңыр мінез көрсетіп кей-кейде мен,
Болатынды қырсығып болдырмадым.
Өз мінезім өзімнің дұшпаным боп,
Жағасынан талайдың ұстадым кеп.
Асыра алмай айламды адамдардан,
Тірлігімде сүрінген тұстарым көп.
Бойға біткен мінездің қыңырлығы,
Мені талай бәлеге ұрындырды.
Мінезімнен мін тауып мұнафихтер,
Мені мынау дүниеден түңілдірді.
Мінезімнен таяқ жеп келем де мен,
Мұңдасыма мұң шағам өлең деген.
Қызбалықтың қызығын көрмесем де,
Мінез деген керек қой дегенменен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter