Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  540


Автор: Саят Қамшыгер

Түріктің елі

Жұлдызды жүзік,
алқа қып айды тұрған ел,
Байрағын желпіп,
шаңырағын биік құрған ел.
Қазыналы қартым,
ақсақал-абыз Түркия,
Перзентің сенің жүрегі ояу тұлғалы ер.
Тербейді сені азанның үні ғажайып,
(Мешітке бармау ондайда болмас аз айып).
Сұрарым, Алла,
қым-қиғаш мынау тірлікте
Жүректерде иман қалмаса екен азайып.
Тіл бітсе тіпті тарихты қозғар тастары,
Түріктің елі, жер менен тұтас аспаны.
Ғасырлар үнін жеткізіп тұрған Ыстамбул,
Көңілдің құсын көтеріп көкке тастады.
Рухы бер сенде бабалар сүрген дәуірдің,
Ғажап бұл мекен,
ықыласы түскен тәңірдің.
Азаматтарың қылшылдап тұрған қылыштай,
Қырмызы қызың ардағы болған әр ұлдың.
Елітер бойды теңізден соққан самалың,
Шағалаларды сағыныш па деп қаламын.
Әлемді әсем, кереметтермен баураған,
Түріктің елі –
бірлігі тау мен даланың.
Бір көрген жанның маңдайы күндей жарқырар,
Түріктің елі, бір Хаққа сенген халқы бар.
Қазақ пен түрік –
көзімнің ақ пен қарасы,
қос ішектей үндес екі елдің ата салты бар.
Түріктің елі,
арыстандайын айбатты,
бақтарың гүлзар төрт мезгіл бойы жайнапты.
Ұл-қызың сенің Иманыменен шуақты,
Намыс пен жігер,
Сеніміменен қайратты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу