Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  865


Автор: Саят Қамшыгер

Сағыныш

Әке, сені ажал ерте тауыпты-ау,
Сезем, ол жақ бұл дүниеден жарықтау.
Сен кеткенде мен түгілі, мүжіліп,
таулар дағы аласарып қалыпты-ау...
Көзімде – жас,
Жүрегімде – сағыныш,
Сағынышты құстар, көкке алып ұш.
Әке, сенсіз өткен ғұмыр, тіршілік –
енді маған – мағынасыз сабылыс.
Қайран арман көкке қанат жайған-ды,
Енді міне,
бір қазыққа байланды.
Сен кеткелі төңкеріліп дүние,
Көктем – күзге,
жазым – қысқа айналды.
Әкем менің!
Айбынды едің,
асқар ең,
Бауырына алды сені басқа әлем.
Ұлдарыңды желбіретіп жалаудай,
қыздарыңа құшағыңды ашқан ең.
Жаның – көкте,
мекен етті аспанды,
Сені іздеген көңілдерден жас тамды.
Сағыныш пен өкініші астасқан,
Әке, сенсіз күндер енді басталды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу