Өлеңдер ✍️
Кегенде бір асу бар Қайқы деген...
Кегенде бір асу бар Қайқы деген,
Ақ түнде биігіне ай түнеген.
Қарайып қожыр-қожыр жартастары,
Сыңсиды, желмен бірге айтып өлең.
Өр Қайқы, асқақ Қайқы, асау Қайқы,
Басына бұлт іркіліп, аса алмайды.
Тұтасып, мұнарланып қарға адым жер,
Бауырына дәуірлердің көші орнайды.
Өр Қайқы, тентек Қайқы, шалт мінезі,
Қытымыр қарт та өзі, мәрттік өзі.
Тарынса, ішін тартып, қар ұйтқытып,
Асыққан көліктерді қалт тізеді.
Орнаған айналаңа тастан қала,
Жартастар көкке қарай баспалдақ, ә!
Өр Қайқы құшағына қысып алса,
Көңліңе жалғыз медет аспан ғана.
Бұл биік тау ұлына – жүрек емі,
Жол барып, сол биікке тіреледі.
Тырмысып Кеген жақтан шыға қалсаң,
Қалаға дедектетіп жібереді.
Ерлері бұл өлкенің ерек ойлы,
Досымен несібесін бөле жейді.
Қайқының асуларын тік шаншылған,
Сол ерлер жай әншейін төбе дейді...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter