Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  163


Автор: Есей Жеңісұлы

Балама сыр

Біз жанбыз ба жол да білген, жөн білген?
Өмір мынау дегеніне көндірген.
Орда бұза алдым ба мен, білмеймін,
Ал өзіңді отыз жаста көрдім мен.
Жүре берші, бұзығым-ау, сен аман,
Қанағатты қажет етпес, тегі, адам.
Әкем мен отыз бесте сүйіпті,
Отызында тапқан екен мені анам.
Мен осылай тіршілікке кез келдім,
Бірақ әке мейірімін аз көрдім.
Тоғызымда әкем кетті келмеске,
Сонда өмірдің қаталдығын сезгенмін.
Қолым создым нұрлы күнге көктегі,
Ол сәулесін төкті, кейде төкпеді.
Өз-өзімнен еңіреген шақтарда,
Сезем, маған әке ашуы жетпеді.
Сондықтан ба, жария етіп наланы,
Боп өсіппін секемшіл де тобалы.
Өз-өзімді қатты аяған сәттерде,
Жетіспеді түюлі әке қабағы.
Өмірге ұпай – құлап түссең шалқадан,
Мен іздедім оңай олжа ортадан.
Жетістікке жете қалсам кішкентай,
«Жарайсың!» деп қақпады ол арқадан.
Сондықтан ба, тарылғандай өрісім,
Жан біткеннен іздеп жүрем келісім.
Ұлым, мені тойдырса да тіршілік,
Өлмей қоям, өлмей қоям сен үшін!
Тұрса ауыздық қос езуін қажалап,
Қажығанын білдірмейді қазанат.
Сені, ұлым, жасаудай-ақ жасармын,
Өзім тіпті бола алмаған азамат.
Сондықтан да қорғаштанба, ақсама,
Бұл өмірді басқа қонған бақ сана.
Ер боласың езу тартып тұратын,
Тірсегіңді тұсау қиып жатса да.
Ақиқатты шын таныған кезім бұл.
Өмір – жалған.
Өтірігіне төзіп жүр.
Білгенімше баули берем мен сені,
Ал сыныма шыдамасаң, өзің біл...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу