Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  127


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Туған жерге барғанда

Асыл мекен, ете келдім тағызым,
Ой-санамда көп қайнаған мағызым.
Жазы аптап, қысы ақ боран, бірақта,
Көктемі мен түні сұлу Сағызым!
Қой бағуға болмағасын ебім де,
Ерік беріп алабұртқан сезімге.
Сені тастап Алматыға кетіп ем,
Түбіт иек, бота тірсек кезімде.
Екендігін білмеппін ғой сағыныш,
Тік көтеріп əкететін долы күш.
Мен сияқты дедектеген шығар-ау,
Туған жерге беттегенде дəруіш.
Өзің едің кіші-гірім астана,
Уа, киелі топырағым даттама.
Таң алдында түскен кезде пойыздан,
Кеңсірікті жарып өтті тəтті ауа.
Тосырқайды бейтаныс бір адамдар,
Өтеді уақыт, оған қандай амал бар?
Жүдеу ауыл, ағылады үстінен,
Мұнай артқан миллиондаған вагондар...
Бұрынғыдай кім шұрқырап елейді,
Көп қартым жоқ, өксік бітер көмейді.
Үлкендерге көрісуші ем жағалап,
Қазір маған көріскендер көбейді.
Бағыландар ат суарған ертемен,
Алты алашқа əйгілі еді-ау əуселең.
Енді сені қайдан табам Жем-Сағыз,
Құмға сіңіп жоғалыпты ерке өзен.
Жыршы ұлыңды ескере жүр байтағым,
Əлі саған таусылған жоқ айтарым.
Оңашада аңырап бір жылап ап,
Мауқым басым, Алматыға қайтамын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу