Өлеңдер ✍️
Көрдім бәрін отыздың биігінен
Көлігімді сапарға жегіп қашық,
Үш қыр астым отырмын көбік басып.
Əр сəті алтын осынау қысқа өмірдің,
Отыз жылын өткіздім төгіп – шашып.
Тұрмын міне, таусылып амалдарым,
Түксиеді міз бақпай қамалдарым.
Алтын айға селебе білеп тұрып,
Қақыратып қасқа жол сала алмадым.
Шырылдайсың ішінде топан көптің,
Белгісізсің, дүниеден қашан кеттің.
Айдай əлем таныған отызында,
Қандай сұлу өмірі Махамбеттің.
Қиян – кескі сыналар майданда алмас,
Майдан қайда, дүниеге тойғандар мас.
Біздерге де бір күні жақындайды,
Мысықтабан жүріспен пайғамбар жас.
Өмір бойы алынбай бекінісі,
Жығар оны іштен жеп осынысы.
Қарап тұрсаң қашанда шаш-етектен,
Əлсіздердің арманы, өкініші...
Ойлағанмен сарылып ғұмыр жайлы,
Бақыт маған құшағын қыңыр жайды.
Алыс алау сияқты келер күндер,
Соларды ойлап жүрегің шымырлайды...
Тұңғиық-ой, салыңа жиі мінем,
Базары да көп екен, күйігімен...
Қайран өмір жықпылың, қуысыңды,
Көрдім бəрін отыздың биігінен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter