Өлеңдер ✍️
Қап-қара түндер қажытып
Жоғалды күн көкжиектен əрі қарай,
Міне, тағы аспан мен жер астасты.
Тас-төбемнен жұлдыз ақты сорғалай,
Тағы бір жан дүниемен қоштасты.
Тіршіліктің арман-мұңын арқалап,
Бүкіл ғалам демін алып, ойда тұр.
Бесіктегі жас сəбидей шалқалап
Жұлдыздарға қарап қойып Ай жатыр.
Тағдыр жолы аумалы да, төкпелі,
Жолын сəтті қыла гөр деп жаратқан.
Күбірлеймін самолетке көктегі,
Қызыл шамы жарқ-жұрқ етіп баратқан.
Батырсынып, кергігенмен өтірік,
Өн бойыңды қарып өтер бір ағын.
Айдалада қой күзетіп отырып,
Жалғыздықтан шыңылдайды құлағың.
Ой құдығын алмағасын бір сарқып,
Сыр бөлісер адам таппай маңайдан.
Отырасың бүкіл денең зіл тартып,
Шимұрын боп елестейді қарайған.
Секемдердің құлай бермей тезіне,
Қайран көмей əн салып бір егілдір.
Бүкіл отар қарап қалсын өзіме,
Көздерінен сəуле шашып көгілдір.
Осы арада тұсалғандай көрініп,
Өмірімнің еске түсіп сор – бағы.
Ойым онға, санам санға бөлініп,
Тыпыршимын көгершіндей тордағы.
Сан арманның қанаттары сынды өрде,
Жылдан – жылға жылжиды үнсіз жасым да.
Əр түрлі ойлар иектеген түндерде,
Қара болған қандай жақсы қасыңда.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter