Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  120


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Домбыра

Бес қару мен домбыра ерге мақтан,
Кілеміне іледі төрге қаққан.
Көрдік талай сұлаған алыптарды,
Күй – шанақты көрмедік жерде жатқан.
Ағаш емес қос ішек ұстай салған,
Ойыншық емес шанағын тыстай салған.
Осы аспаптың сазымен, жерде тұрып,
Құрманғазы əуеде құс қайтарған.
Өтті халқым қаншама соқпақтардан,
Бəрі соның бүгінде сап-сап болған.
Бабаларым сияқты Нұқ пайғамбар,
Домбырасын, ұрпағын сақтап қалған.
Өтті осылай кезекпен өмір маусым,
Басты адамдар сенімен көңіл мауқын.
Қанша ұрпақтың жүрегін дірілдетіп,
Құлағында кетті екен қоңыр даусың.
Тыпыршытып ханның да, хақтың да ойын,
Серігі боп жалшының, бақтың қойын,
Заманалар көшінің алдын бастап,
Сайрашы енді, домбырам аққу мойын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу