Өлеңдер ✍️
Тез өтуде жастығым – жасыл жайлау...
Тез өтуде жастығым – жасыл жайлау,
Күндердің де сырлысы, суқиты бар.
Сен кеткесін ақырын жақындайды-ау,
Күйті қайтқан малдардай усиқы хал.
Топыр-тоғыт дүниеде бəрі ауысар,
Жұлқи тартқан сеземіз зор тынысты.
Кəріліктің орманы қарауытар,
Мүттəйім бақ секілді қорқынышты.
Төбесінен ар деген мұнараның,
Талай рет өзімді сығаладым.
Түсіреді-ау бейуақта қара терге,
Арғы-бергі жасаған күнəларың.
Тап боласың дүниенің ылаңына,
Тура жолдан сəл ғана бітті тайсаң.
Күні-түні сыбырлап құлағыңа,
Бой бере ме өргізде – ішкі шəйтан.
Екі дүние сыңайын көре білмей,
Қисаярмыз əркіммен жағаласып.
Апат болған ұшақтың дерегіндей,
Қалар бізден күнəлі қара жəшік.
Келген кезде осынау толайым жай.
Қарай алмай ұяттан көзім ашып,
Талқыға сап, ешкімге таба қылмай
Иə, Аллам, оқырсың өзің ашып.
Кешу сұрап əл-қуат бар шағында,
Өз-өзімді армансыз жазалайын.
Іш тазартқан адамдай қайтарында,
Енді біраз кеудемді тазалайын..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter