Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  123


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Бұл өлкеде тау да жоқ заңғар асқан...

Бұл өлкеде тау да жоқ заңғар асқан,
Талай шайыр бірақта əнге қосқан.
Жүрек құрғыр шымырлап, тыпыршиды,
Отарбамыз асқанда Қандыағаштан.
Қиял байғұс самғасын, шығандасын,
Естеліктің ағыттым бұрандасын.
Думан құрған ту тігіп, жəннатым-ай,
Əнімдесің, ақ Сағыз, дұғамдасың.
Адастырмас түнде де, шүкір, алау,
Айналасы көк орай, сыпыра бау.
Айналайын, Шернияз атам жатқан,
Жымыңдаған оттары Мұқыр анау...
Төгіп-төгіп барымды айтқым келді,
Сан сапардан сағынып қайттым кері.
Туған далам, сенде өткен əр сағатым,
Сияқты бір мен үшін айт күндері.
Шыққандай боп зынданнан таң қаламын,
Кескініне түндегі маң даланың.
Көкжиекте ұйиды қызыл ноқат,
Жарда езілген қанындай қандаланың.
Шығарса да жындарды тереңдегі,
Бейнеткеш ел, еңбегің еленбеді.
Оңды-солды от лаулар мұнарадан,
Хош иісті шамдалдай гаремдегі.
Түсіріппіз бетіңе шындап айғыз,
Дала, сенің мұңыңды тыңдамаймыз,
Баратқанын есіңе өмір өтіп,
Күндіз – көкек, салады түнде байғыз.
Көз көргеннің болыпты-ау көбі ғайып,
Далам, мəңгі жасауға сен лайық.
Ойлап үнсіз осынау ертеңіңді,
Кұмсағыздай отырмын қоңырайып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу