Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.05.2022
153
Ағаға сыр
Несін айтам, кездер болды тарыққан,
Жол таба алмай, таңдай кеуіп, талаурап.
Аға, сонда қол бұлғадың алыстан,
Орысқазған оттарындай алаулап.
Аулақ бізден жымысқы əдет, көлгірлік,
Саналы жан қарау керек əліне.
Мен, мысалы, төмендегі селдір бұлт,
Ал, ол болса – қазбауыр бұлт – əріде.
Арамызда құпия бір дірілдің,
Бары да рас, соны мəңгі қалдырғай.
Сен қайда ақсаң, мен де солай бұрылдым,
Су астында жасыл бұрым балдырдай.
Бықсымадық түтініндей су қидың,
Сапар шексең күтіп жүрдім жол қарап.
Төрге шықсаң құман алып су құйдым,
Аңға шықсаң, қағушың боп қолғанат.
Дүние шіркін жұқ бола ма жұмырға,
Бізді бұдан басқа затпен еліктір.
Сақи-тағдыр, енді қалған ғұмырда,
Осы ағаммен жақсылықта жолықтыр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter