Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  121


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Россия, сен бізге ырзасың ба?

Менің жұртым еркіндеу халық болатын,
Өмір сүрген əндетіп кең өлкесінде.
Россия жайғанда алып қанатын,
Қала бердік сол елдің көлеңкесінде.
Амал қанша сан ғасыр жылап та жүрдің,
Зəбір көрдің, жатпадың тоң-теріс болып.
Түсті саған сəулесі Ұлы Октябрьдің,
Жарылқады япырмай төңкеріс келіп.
Аман қалып тағы да сілкіндің құздай,
Тағдыр қанша сойса да сояу тіспенен.
Халқым менің ешқашан шырқыңды бұзбай,
Арадағы достыққа қаяу түспеген.
Сорып жатыр, жалап-жеп, қалдырмай түгін,
Кеткендей-ақ мұра қып арғы аталары.
Арып-ашып келгендер қор жинайтұғын,
Далам менің бұл күнде бордақы алаңы.
Тойынғандар қазақтың жасыл бағынан,
Теріс қарап күледі, есінеседі.
Бəленбай жыл тоналған есіл қазынам,
Бəрі келер ұрпақтың несібесі еді.
Сол дəуренді бұл күнде жоқтаған бəрі,
Қайда кетті кешегі тола қазына?
Аралымның тулаған ақ сазандары
Отын болды-ау, бір кезде паравозыңа.
Берсең-дағы таратып қолыңдағыңды,
Орындалып көрді ме бір сұрағаның?
Көтерейін деді де сенің бағыңды,
Эрмитажға жөнелтті жылтырағанын.
Назар салсаң жаужүрек жетер ұл менде,
Ақтарайын көңілдің талай қатпарын.
Өз жерімнен сонша жұрт көтерілгенде,
Бір қазақты ғарышқа маңайлатпадың.
Бітті шыдам апарам қолды ауыздыққа,
Алдымдағы барымды көсеп кетесің.
Кім төзеді осынау жалмауыздыққа,
Кезең келді амалсыз есептесетін.
Еншісі де бір еді, жинаған теңі,
Қалар болса түбінде бір үй қасыңда.
Ол да қазақ болар-ау, қимаған сені,
Россия, сен бізге ризасың ба?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу