Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  178


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Ғашықтықтың бастан кешіп безгегін...

Ғашықтықтың бастан кешіп безгегін,
Оңашада мұңға баттым өзді-өзім.
Сені сырттай меншіктедім бау тағып,
Не құдірет екендігін сезбедім.
Сен де бала, мен де бала, бала едік,
Тірлік дəмін үлгермеген əлі еміп.
Сонда да біз жаңа туған сезімді,
Махабаттың бесігіне бөледік.
Жаңа-жаңа сүттен қаймақ түзіліп,
Келе атқанда қалды бəрі үзіліп.
Бала күнгі көңілдер-ай кінəмшіл,
Бір-ақ күнде жүре бердің бұзылып.
Кетті жылдар алып бізден еншісін,
Бал күніңнің жоғалтып ап емшісін.
Кете бардың араласып сағыммен,
Қала бердім айыра алмай өң-түсін.
Қайда сол бір өліп-өшіп сүйген күн?
Қазір соны ойламауға үйрендім.
Шыдамның да жанармайы таусылып,
Сені қиып басқа жанға үйлендім.
Кетсең-дағы мəңгі-бақи көріспей,
Анда-санда ақ дидарын көр іштей.
Қиын екен ең алғашқы махаббат,
Жүрегіңе қатып қалған беріштей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу