Өлеңдер ✍️

  25.05.2022
  102


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Ертегі

Жаңа-жаңа құрған кезде қоғамды,
Бабалардан осынау бір қалды аңыз.
Кеңеспекке қасына алып адамды,
Мал біткенді шақырыпты Алламыз.
Құп алсаңдар мынау еді түйгенім:
Барлығыңнан пысық жəне зейінді
Адам болмақ ұланғайыр дүниенің,
Əміршісі мына менен кейінгі.
Сүттеріңді сусын қылып ішеді,
Бірақ, бəрің білмейсіндер есіңді.
Сендерді олар асырайды, күтеді,
Жейді жəне етіңді.
Тамағына тақағандай кездікті,
Бəрі бірдей жиырыпты денесін.
Депті Алламыз, хайуандарым, сөз бітті,
Барлығың да осы айтқанға көнесің.
Абдырапты төбесінен жай түсіп,
Бастарынан күллі биік көшкесін.
Өздері боп ұзақ-ұзақ айтысып
Ақырында келісіпті, не істесін?
Алламыздың түзу шығып есебі,
Ұзақ жасап, міне, осылай болдық паң.
Тек қана ешкі көне алмапты деседі,
Бауыздарда бақыруы сондықтан.
Ашып көзді, жер басқалы осы біз,
Өзің айтшы не тындырдық көктетіп?
Байғұстардан жиып алған жасымыз,
Бара жатқан жоқ па, құрбым, текке өтіп?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу