Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  88


Автор: Ибрагим Иса

Ұйқысыздық

Терезеден солғын сәуле енеді,
Түн қойнынан талып жеткен дыбыс бар…
Жақсылап бір дем алғың-ақ келеді,
Қаңыраған бөлме,
Үрейлі қуыстар!
Бұл не жағдай,
Тіпті кісі сенгісіз,
Түсінбеймін,
өңім бе,
әлде түсім бе.
Баяғыда суға батқан
Белгісіз,
Бір кеменің жүргендеймін ішінде.
Батқан кеме,
терезенің алдында
Тұрғандаймын,
тұманданған әйнегі.
Бір пәлеге шын байланып қалдым ба,
Бір сұмдыққа жетелейді ой мені.
Ой соңынан ой сүйрейді жағаға,
Миың – бейне көлеңкелер мекені.
Нағыз дыбыс,
нағыз сәуле санаңа,
Әрең-әрең,
әрең-әрең жетеді.
Жоғалады жарқын тірлік,
Жарқын іс,
Түсініксіз бірдеңені аңсайсың.
Қуаныштың орнына – қорқыныш,
Дем алудың орнына – шаршайсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу