Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  5301


Автор: Ибрагим Иса

Анамды еске алу

Тыныштығым бұрынғыдан қашты әрі!
Қарды үйіріп, мінді боран күшіне.
Өзен жақтан қасқыр ұли бастады,
Түнектегі шоқ қамыстың ішінен.
Мен отырмын, шықпай өлең көңілден,
Арасында қағаз бенен қаламның.
Бір жақтарда, қар астында көмілген,
Тұрған шығар қабірі асыл анамның.
Сол бір жақта аспан тұнық, кеңіс те,
Солай қарай созыл менің жолдарым!
Күртік қарлар шығармайды-ау еңістен,
Түнде боран соғып кетсе…
сор қалың!
Жеңіп шығам, жеңіп шығам мен бәрін,
Алаңсыз бір шаттық ойнап жүзімде,
Жол салғанда сөз бе сол ну орманың,
Сөз бе екен сол құлан жортпас түзің де!...
Есік қаққан кім екен бұл?
Кет әрі!
Ертең сыйлы қонақ келер
маған да…
Анам ба екен?
Берсем дейтін батаны –
Түнгі сыбдыр,
беймаза бір боран ба?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу