Өлеңдер ✍️
Айтысады не жайлы
Айтысады не жайлы
Менің ақын достарым,
Көше жым-жырт. Түн ауған.
Көтерілді ай да еппен.
Керілдесіп қояды,
Талқылай ма жоспарын,
Тұлғалары көлбеңдеп
Көрінеді әйнектен.
Әрі-бері дәлелдеп,
Бірікпей тұр жолдары!
Кім не дейді?
Әйтеуір, бір-біріне қарамай,
Айқайлай ма,
Қайтеді,
Ербеңдейді қолдары,
Бәрі құдды дүниеге,
Жаңа келген баладай.
Мен өзім де осындай
Ойлы өмірге ырзамын!
Жүрегімде сақтағам,
«Сол аяқтың маршын» да.
Есениннің айқайсыз
Жырын сүйіп тұр жаным,
Жақсы жырлар мәңгілік
Жүрегімде қалсын да.
Көңілімде –көңілді ән,
Тас төбемде – ойлы аспан,
Бұдан өткен қуаныш,
Махаббат жоқ мен үшін!
Қыран менен бозторғай
Тең бола ма…
Ой қашқан,
Байқасаңыз биікте,
Екеуінің де өрісі!
Жолы болын әрқашан,
Космостық кеменің!
Сол кемемен бір рет,
Мен де ұшам деп айта алам.
Құр шуламай ақындар,
Оқу керек өлеңін,
Бүкіл жердің даусымен
Шырқау керек қайтадан!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter